locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский
locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский
Мәзір

Қызылорда әкімі Қайсардың неліктен қомақты қаржыландырусыз қалып отырғанын түсіндірді

Қызылорда әкімі Қайсардың неліктен қомақты қаржыландырусыз қалып отырғанын түсіндірді
ФОТО: total.kz

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ОКҚ-ның көшпелі брифингі барысында “Қайсар” футбол клубының қарыздарына қатысты өз пікірін білдірді.

“Бұл қарыздар бұрынғы жылдардан қалған. Клубты қолдау үшін қажетті қаражат бөлініп отыр, қазіргі уақытта шамамен 1,3 миллиард теңге қарастырылған. Алайда барлық бюджетті тек “Қайсарға” жұмсау мүмкін емес. Бізде облыс тұрғындары үшін маңызды жобалар мен өзекті мәселелер бар. Мәселен, газбен қамту деңгейі қазір 78%, ауыз сумен қамтамасыз ету 98,5%-ға жетіп отыр. Алдымен осы қажеттіліктерді толық шешіп, қаржыны тиімді бағыттауымыз керек. Сырттан келген спортшыларға қаражатты жөн-жосықсыз жұмсау — дұрыс емес шешім”, – деді Нәлібаев.

Әкімнің айтуынша, клуб басшылығы бұған дейін бюджет көлемін ұлғайту туралы өтініш білдіріп, команда алғашқы екі орынның бірін иеленетініне сендірмек болған.

“Мен олармен сөйлесіп, тек чемпион болу үшін бюджеттен 5 миллиард теңге бөлудің орынсыз екенін жеткіздім”, – деп түсіндірді облыс басшысы.

Сонымен қатар, Нәлібаев “Қайсардың” елдегі ең аз бюджетті командалардың бірі екенін атап өтті.

“Қаржыландыру деңгейі бойынша біз облыстар арасында 18-19-орындамыз, кейде тіпті одан да төмен. Сондықтан біздің басты назарымыз ауылдық жерлердегі спортты дамыту болуы тиіс. Соңғы екі жылда ауылдық аймақтарда 10-нан астам спорт кешені бой көтерді, 80-ге жуық спорт алаңы іске қосылды. Қазір Қызылордада жаңа стадион салынып жатыр, сондай-ақ “Қызылорда Арена” жобасын жүзеге асыру жоспарда бар. Біздің негізгі мақсатымыз — тек әдемі ғимараттар салу емес, жас ұрпақты спортқа баулу, олардың тәрбиесі мен дамуына үлес қосу. Қаражатты осыған бағыттаған әлдеқайда тиімді”, – деді ол.

Қарыз мәселесіне тоқталған Нәлібаев, оның әлі түпкілікті шешілмегенін айтты.

“Клуб басшылығына қарыздың нақты сомасын анықтауды тапсырдым. Егер қарыз заңды түрде расталса, тиісті қаражат төленеді. Бірақ мен сырттан келген ойыншыларға бюджет қаражатын босқа жұмсауға қарсымын. Керісінше, бұл қаржыны ауыл спортына жұмсаған жөн. Болашақта ауылдан көптеген дарынды спортшылар шығатынына сенімдімін”, – деп қорытындылады облыс әкімі.

Естеріңізге сала кетейік, “Қайсар” ҚПЛ-ның 2024 жылғы маусымын 34 ұпай жинап, 8-ші орында аяқтады.

Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie