Испания чемпионы атанған «Барселонаның» табысы: лайықты бапкер, жарқыраған Ямаль, Рафинья мен Левандовскидің қайта түлеген шағы


«Барселона» биылғы Ла Лига маусымында чемпиондықты мерзімінен бұрын, яғни соңғы екі турға дейін-ақ жеңіп алды. Каталондықтар шешуші сәтте өз алаңындағы басты қарсыластарының бірі - «Эспаньолды» тізе бүктіріп, Испания біріншілігінің тағдырын айқындап берді. Бұл - 2023 жылы Хавидің жетекшілігімен келген табыстың жалғасы іспеттес. Алайда биылғы жеңістің негізінде басқа бір есім тұр - неміс маманы Ханс-Дитер Флик. Ол матчтан кейінгі қуанышқа қарамастан, ойыншылардың қарсылас алаңында ұзақ мерекелеуіне жол бермей, құрмет пен әдептілік қағидаттарын алға шығарды.
Хави кезеңі мүлде өзге сипатта өрбіген. Оның «Барселонаға» сіңірген еңбегі зор - ол команданы чемпион атандырып қана қоймай, жас ойыншыларға сенім артып, жаңа буынның жолын ашты. Десе де, Флик өзін жан-жақты, тәжірибелі әрі жағдайға бейімделе білетін кемел тұлға ретінде көрсетті.
Хавидің клубтан кетуі оңай болған жоқ. Бұл - әрі маманның өзі де қаламаған, әрі басшылық нақты шешімге келе алмаған тұманды ахуал еді. Маусым ортасында Хави отставкаға кеткісі келгенімен, оны көндіріп, кейіннен бәрібір жұмыстан босатты. Сол уақытта клуб ішінде тұрақсыздық үстемдік етіп тұрған: қаржылық қиындықтар, сенімсіз ойын, трансфер төңірегіндегі алыпқашпа әңгімелер ұжым ішіндегі моральдық ахуалға теріс әсер етті.
Мұндай жағдайда «Барселонаға» жаңа тыныс, жаңа жетекші қажет болды. Бірақ біреулер ұсыныстан бас тартты, кейбірін клубтың қаржылық мүмкіндіктері көтермеді. Осылайша таңдау Фликке түсті. Каталондықтар неміс тәртібі мен құрылымына үміт артты және бұл үміт ақталды.
Айта кету керек, Флик бастапқыда клуб басшылығының бірінші таңдауы болмаған. Бірақ келіссөздер сәтті аяқталған жалғыз үміткер сол болды. Әрине, жанкүйерлердің арасында оның Германия құрамасындағы сәтсіздігіне байланысты күмән туды. Дегенмен, бүгінгі нәтижелер сол күмәндерді толықтай сейілтті.
Айта кетерлік тағы бір жайт - Фликтің өткен жетістіктері. Ол Йоахим Левтің көмекшісі ретінде әлем чемпиондығын жеңіп алды, әрі «Бавариямен» бірге тарихи треблді бағындырды. Сондықтан оның топ-деңгейдегі клубты басқаруға лайық екеніне еш күмән жоқ. «Барселонаға» келген сәттен бастап ол жұмысқа шындап кірісті. Ең бірінші кезекте команда ойыншыларының физикалық дайындығын нығайтуға назар аударды. Себебі, Хави кезеңінде ойыншылар көбінесе 70-минуттан кейін шаршап, қажетті ұпайларды жоғалтып жататын.
Флик аз уақыттың ішінде-ақ «Барселонаның» физикалық та, тактикалық та қарым-қабілетін жаңа деңгейге көтерді. Ол «Баварияда» қолданған жүйені осында да енгізді - жоғары қарқын, белсенді прессинг, алға шыққан қорғаныс. Хави тұсында ойын баяу, академиялық сипатта өтетін, доп пен ойын бақылауы алдыңғы орынға қойылатын. Бірақ бұл тәсіл үнемі жемісін бере бермейтін.

Ал Флик футболшыларға еркіндік бергенімен, олардан жоғары деңгейде физикалық жұмыс талап етті. Бұл еркіндік жүйесіз жүгіріске айналмады - «Барселона» шабуылда ширақ әрекет етіп, комбинациялар арқылы қарсылас қақпасын жиі торуылдады. Команда үнемі ойынның ішінде болды, ал бұл жағдай футболшыларға да ұнады.
Футболшылардың басым көпшілігі неміс маманмен жұмысты оң бағалады. Әсіресе Педридің Фликке деген ықыласы ерекше. Ол неміс бапкерінің қол астында командадағы негізгі плеймейкерге айналды. Қазір Педридің ойынында әлсіз тұстар табу қиын - ол барлық түрдегі пастар бойынша (ұзақ, тік, шешуші) Ла Лига мен «Барселонада» үздіктердің қатарында.
Сонымен қатар, Педри қорғаныста да аянбай еңбек етті - допты қайтару, әсіресе шабуылдаушы аймақтағы статистикада ол Ла Лиганың көшбасшысы болды. Ортаңғы алаңда оған Френки де Йонг пен Гави тамаша серіктестер болды. Екеуі де өз бабына келді, ал Гавидің ауыр жарақаттан кейін қайта оралуы барша жанкүйерлерге үміт пен сенім сыйлады.
Фликтің қол астында «Барселонаның» басты қаруы - шабуыл желісі ерекше күшке айналды. Маусым басында Ямаль - Левандовски – Рафинья үштігі Винисиус, Мбаппе, Родриго, Беллингем төртеуінен тиімді ойнайды деп ешкім күтпеді. Мұнда мәселе қарсыластың әлсіздігінде емес, «Барселонаның» шабуылдағы үйлесімді әрекетінде. Каталондық үштік Испанияда ғана емес, Еуропада да ең нәтижелі тандемдердің бірі болды.
Ла Лигада «Барселона» 99 гол соқты. «Реалдың» көрсеткіші - 76. Бір қызығы, маусым бойы жасалған соққылар саны аса қатты ерекшеленбейді: «Барселонада» - 246, «Реалда» - 241. Алайда каталондықтардың тиімділігі әлдеқайда жоғары. Барлық жарыстарды қоса есептегенде, команда 171 голмен Еуропадағы ең нәтижелі клуб атанды.
Чемпиондық маусымдағы ең жарқын есімдердің бірі - Ламин Ямаль. Ол Хави тұсында-ақ 5 гол мен 5 ассистке қол жеткізіп, әлеуетін байқатқан. Ал Фликтің келуімен толық ашылды: Ла Лигада 9 гол мен 13 ассист, барлық жарыстарда - 18 гол мен 25 нәтижелі пас. Ямаль - Ла Лиганың үздік ассистенті. Сонымен қатар, топ-5 лигада ойнайтын жастар арасында ол айып алаңындағы допқа тиіскен, жекпе-жек ұтқан және голдық мүмкіндік жасаған статистикада көш бастап тұр. Тағы бір ерекше факт - Ямаль небәрі 17 жаста және Испанияның екі дүркін чемпионы атанып үлгерді.
Алайда чемпиондық тек Ямальдың арқасы емес. Роберт Левандовски мен Рафиньяның да үлесі орасан. Рафинья Ла Лиганың өзінде 18 гол мен 9 ассист берсе, барлық турнирлердегі көрсеткіші - 34 гол мен 25 пас. Бұл - керемет нәтиже. Левандовски де дәл солай. Ол каталондық сапындағы үздік маусымын өткізуде.
Роберт Ла Лигада 25 гол соқты, орташа есеппен әр ойында 0,76 гол. Бұл көрсеткіште тек Килиан Мбаппеден ғана қалып тұр (29/0,88). Өткен маусымда поляк шабуылшының жағдайы мәз болмағанымен, биыл мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Левандовски - шын мәніндегі элиталық сұрмерген. Команда шабуылда бір кісідей жұмылса, оған тек соңғы соққыны дәл жасау қалады.

Флик тек шабуылмен ғана шектеліп қалмады. Қорғанысты да қайта құрды. Маусым бойы «Барселона» небәрі 39 гол жіберіп, бұл көрсеткіш бойынша Ла Лигада үздік бес команда қатарына енді. Ең қызығы - негізгі орталық қорғаушылардың бірі - 18 жастағы Пау Кубарси. Бірақ тек ол ғана емес, неміс маманның басшылығымен жас футболшылардың біразы жаңа деңгейге шықты.
Кубарси, Ямаль, Фермин Лопес, Гави, Пабло Торре, Ансу Фати, Алехандро Бальде, Марк Касадо, Педри, Жерар Мартин - бұл ойыншылардың ешқайсысы 23 жасқа толмаған, бірақ бәрі де «Барселонаның» негізгі құрамында тұрақты орын тапты. Флик жастардың физикалық әлеуетін толық пайдаланып, оларға бейімделген қарқынды ойын жүйесін құрды. Соның нәтижесінде әрқайсысы өз әлеуетін толық көрсете алды.
Фликтің тәжірибесіне қарамастан, мұндай нәтиже береді деп ешкім күтпеген. «Барселона» Германия құрамасымен сәтсіз жұмыс істеген бапкерді шақырды. Негізгі қақпашысы жарақат алып, оны мансабын аяқтаған ардагермен алмастырды. Жазда жалғыз атаулы трансфер - Дани Ольмо болды. Соған қарамастан, бәрі сәтті өрбіді. Бұл жай ғана сәттілік емес - бұл шынайы табыс. Қазіргі таңда «Барселона» - Испаниядағы ең мықты команда.
Каталондықтар ел біріншілігінде 28-ші рет жеңіске жетті. Соның ішінде 21 ғасырда - 12-ші мәрте. Бұл көрсеткіш бойынша тек «Бавария» ғана озады - оларда 18 чемпиондық бар. Сонымен қатар, «Барселона» Испанияда 9-рет «алтын дубль» жасап, рекорд орнатты. Ал Флик Испанияда бір маусымда үш трофей жеңіп алған алғашқы неміс бапкері атанды. Бұл маусым «Барселона» үшін тарихи болды. Дегенмен, бұл табысты қайталау оңай бола қоймас. Себебі «Реал» жаңа маусымда күшейіп келеді, ал «Атлетико» кез келген сәтте қайта оралуы мүмкін. Бірақ қалай болғанда да, «Барселонаның» болашағы - жарқын.

