locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Алип маған құрмет көрсетті»: Исламхан Қазақстанның Фарер аралдарымен матч алдындағы пікірін білдірді

Ұлттық құраманың капитаны командаға оралуы, жаңа бапкері және елдегі қайғылы оқиға туралы айтты
@islamkhan_9

Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан Ұлттар лигасында Фарер аралдарына қарсы өтетін матч алдында журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ойыншы баспасөз мәслихатын қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтудан бастады, деп хабарлайды Sports24.kz.

Бауыржан Исламхан УЕФА Ұлттар лигасы С дивизионының бірінші туры алдындағы баспасөз мәслихатына қатысты. Қазақстан құрамасы Торсхавнда Фарер аралдарына қарсы ойнайды. 33 жастағы жартылай қорғаушы үшін бұл матч ерекше болуы мүмкін: ол ұзақ үзілістен кейін ұлттық құрамаға оралып, капитандық таңғышқа ие болды.

Исламхан сөзін футбол тақырыбынан бастаған жоқ. Қазақстан құрамасының ойыншысы елде болған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.

«Ең алдымен, бәріңіз еліміздегі қайғылы жағдайдан хабардарсыздар. Кеше Қазақстан үшін өте ауыр күн болды. Қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтамыз», - деді Исламхан.

Одан кейін жартылай қорғаушы алдағы кездесуге команда құрамының дайындығы туралы айтты. Исламхан ұлттық құраманың матчқа оңтайлы құраммен келмегенін атап өтті. Оның сөзінше, командада жарақат алған ойыншылар бар, алайда бұл басқа футболшылар үшін мүмкіндік ашады. Жартылай қорғаушы шақырылған ойыншылардың барлығы өздерін көрсетуге дайын екенін жеткізді.

«Бапкер айтқандай, ұлттық құрама жиналды, өкінішке қарай, жарақат алғандар бар. Бірақ бұл басқа жігіттер үшін тамаша мүмкіндік. Барлығы 100 пайыз өздерін көрсетуге дайын», - деді ол.

Исламхан ұлттық құрамадағы өзгерістер туралы да пікір білдірді. Футболшының айтуынша, жаңа бапкердің келуімен жаңа кезең басталды. Командада жаңа идеялар, талаптар мен тәсілдер пайда болды, ал барлық ойыншының өздерін көрсетуге мүмкіндігі тең.

«Жаңа бапкер, жаңа идеялар, жаңа талаптар. Құрамда жастар да, басқа ойыншылар да бар. Жаңа бапкердің келуімен жаңа ойын басталады, барлығына тең мүмкіндік беріледі. Жігіттердің арасындағы атмосфера өте жақсы. Бапкер жақында ғана келді, біз бір-бірімізді енді ғана түсіне бастап жатырмыз. Ертең алаңда бар күшімізді саламыз», — деді Исламхан.

Жартылай қорғаушының айтуынша, Қазақстан құрамасы Фарер аралдарының соңғы матчтарын қарап, олардың ойынын талдаған. Қарсылас негізінен қарсы шабуылдар мен стандартты жағдайларға басымдық береді.

«Біз Фарер аралдарының соңғы матчтарын көріп, талдадық. Негізінен олар қарсы шабуылдарға сүйенеді және стандартты жағдайларға үлкен мән береді. Ертеңгі ойында бәрі көрінеді. Біз өзіміздің мықты тұстарымызды көрсетуге тырысамыз», - деді Исламхан.

Исламхан ұлттық құрамаға қайта шақырғаны үшін жаттықтырушылар штабына алғысын білдірді. Футболшы былтыр көп жарақат алғанын, бірақ Қазақстан құрамасында қайта ойнағысы келетінін жасырмағанын айтты. Енді жартылай қорғаушыға мұндай мүмкіндік берілді.

«Мені қайта шақырғаны үшін жаттықтырушылар штабына алғыс айтқым келеді. Былтыр көп жарақат алдым, сол кезде-ақ ұлттық құрамаға оралғым келетінін айтқан едім. Капитандыққа келсек... Мен құрамаға енді ғана қосылдым, бұл туралы жаттықтырушылар штабымен көп сөйлестік. Нұралы Алип жасы үлкен ойыншы ретінде маған құрмет көрсетті. Бапкер осындай шешім қабылдады», - деді ол.

Еске сала кетейік, Фарер аралдары мен Қазақстан құрамалары арасындағы кездесу 26 қыркүйекте Торсхавнда өтеді. УЕФА Ұлттар лигасы С дивизионының бірінші туры аясындағы матч Қазақстан уақытымен 21:00-де басталады.

Биылғы маусымда Бауыржан Исламхан «Астана» сапында барлық турнирде 27 матч өткізіп, үш гол соқты және 10 нәтижелі пас берді.

Абылай Сеитов
Журналист
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie