Георгий Жуков Қазақстан құрамасының ойындары қарсаңында өз жағдайы туралы мәлімдеді


Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Георгий Жуков сәуір айында Польша чемпионатының «Пуща» клубында ойнап жүріп алған жарақатынан кейінгі жағдайы туралы пікір білдірді. Сол жарақатына байланысты футболшы маусым соңындағы ойындарға қатыса алмады, ал оның командасы Экстраклассадағы орнын сақтап қала алмай, 32 тур қорытындысы бойынша соңғы орынға тұрақтады.
«Қазіргі уақытта жарақатымнан толық жазылған жоқпын. Бірақ, әрине, алдағы құрама ойындары маған үлкен мотивация береді. Қайта қалпына келіп, сапқа оралу – менің басты мақсатым»,– деді Жуков vesti.kz берген сұқбатында.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы маусым айында екі кездесу өткізеді. 5 маусым күні Минскіде Беларусьпен жолдастық матч өтсе, 9 маусымда әлем чемпионаты-2026 іріктеу турнирінің үшінші турында Қазақстан өз алаңында Солтүстік Македонияны қабылдайды.

