locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский
locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский
Мәзір

Ербол Қайыров: "Мен футболда тек журналист ретінде ғана емес, басқа да қызмет атқардым"

ФОТО: IG Ербол Каиров

Журналист, блогер және Қазақстан Футбол Федерациясының президенттігіне басты үміткер Ербол Қайыров Sports24.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында Қазақстан футболының болашағына деген көзқарасы, саланың өзекті мәселелері және даму жоспарлары туралы айтып берді.

1. Сізді Қазақстан Футбол Федерациясының президенті болуға ұмтылдырған басты себеп қандай?

Басты себеп - Қазақстан футболын алдағы уақытта биік белестерден көргім келеді. Әрине, біз жеңілістерден, нашар инфрақұрылымнан, жемқорлықтан шаршадық. Егер мен футболымызда кейбір проблемаларды шешсем, менен бақытты жан таппайсыңдар.

2.Журналистика мен блогингтегі тәжірибеңіз футбол федерациясын басқаруға қалай көмектеседі деп ойлайсыз?

Мен футболда тек журналист ретінде ғана емес, басқа да қызмет атқардым. Федерация мен Лигада тоғыз жыл жұмыс жасадым, департаменттің басшысы болдым, скаут ретінде де көмектестім. Қазірдің өзінде ойыншыларға промоутер, агент ретінде команда табуға көмектесемін. Сонымен қатар, өзімнің футбол командам бар. Өзім демеушімін, футболшымын, әрі капитанмын.

3.Ірі ұйымдар мен спорттық жобаларды басқару тәжірибеңіз бар ма?

Иә, халықаралық жобаны басқарып отырмын. Осы жылы Астанада ірі спорт премияны өткізіп, әлемдік деңгейдегі футболшыларды әкелеміз. ҚФФ-дағы жұмысым кезінде УЕФА-ның кезекті Конгрессін ұйымдастырдық.

4.Қазақстан футболындағы үш негізгі мәселені қалай көресіз және оларды қалай шешпексіз?

Инфрақұрылымның нашар деңгейі, жемқорлық және жасөспірімдер футболындағы мәселелер. Оларды біздің стратегиямыз бойынша шешуге тырысамыз. Бәрі де мүмкін. Жұмыстан қашпаймыз. Мемлекеттік бағдарламаларды қосып, демеушілер іздеуге дайынбыз.

5.Елдегі балалар мен жасөспірімдер футболының инфрақұрылымын жақсарту үшін қандай қадамдар жасайсыз?

Қазақстанда әуесқойлар және балалар мен жасөспірімдер арасында жарыстар жетіспейді. Мысалы, ауылдық, аудандық деңгейде неліктен турнирлерді ұйымдастырмасқа? Жергілікті билікті жұмысқа қосып, шағын стадиондарды салдыруға болады.

6.Қазақстан премьер-лигасының деңгейін көтеру және жанкүйерлерді стадиондарға тарту үшін қандай шаралар қолданасыз?

Ол үшін стадиондарымызды жөндеп, нашар, сапасыз алаңдарда ойнайтын командаларға сол ареналарда ойнауға тыйым салу қажет. Мықты трансляцияларды жасасақ, премьер-лиганың деңгейі де, жанкүйерлердің қызығушылығы да артады.

7.Қазақстандағы әйелдер футболын дамыту бойынша қандай жоспарларыңыз бар?

Жақында әйелдер чемпионатына жаңа ірі демеуші кіріп, тіпті лиганың неймингін де қолданады. Ол жұмысты жалғастырып, командалардың санын арттыруымыз қажет.

8.Ұлттық құраманың қазіргі деңгейін қалай бағалайсыз? Оның деңгейін көтеру үшін қандай әрекеттер жасайсыз?

Құрамамызға уақыт беріп, біртіндеп жастарды қосуымыз керек. Қазақстанға қатысы бар бірнеше футболшыларды құрамаға шақырсақ, деңгейімізді көтереміз. Бірақ ол уақытша нәрсе. Жасөспірімдер футболын көңіл бөлмей, алға ірі бір қадам жасау мүмкін емес.

9.Қазақстан футболының имиджін халықаралық аренада насихаттау үшін қандай шаралар қабылдайсыз?

ҚФФ-дағы халықаралық департаменттің жұмысына көбірек көңіл бөлеміз. Шетелдік клубтар мен федерациялармен тығыз байланыста боламыз, серіктестік орнатамыз. УЕФА-ның көптеген әлеуметтік ірі жобалары мен бағдарламалары бар. Оларды Қазақстанға алып келсек, имиджіміз де, инфрақұрылымымыз да көтеріледі.

10.Қазақстан футболына қосымша инвестицияларды қалай тартуды жоспарлап отырсыз?

Шетелде тұратын қазақ кәсіпкерлерін Қазақстанға шақырамыз. Олардың туған еліне қызмет атқарып, көмектесеміз деген армандары бар. Сонымен қатар, ірі компаниялар мен брендтермен жұмыс жасауға болады, себебі олар үшін басты талап - үлкен аудитория. Футбол - еліміздегі ең танымал спорт түрі. Жұлдызды футболшыларымыз көп болмаса да, стадиондарды жанкүйерлер жиі толтырып тұрады.

11.Футбол федерациясындағы жемқорлықпен күресесіз бе?

Иә. Себебі жемқорлыққа қарсы шыққан алғашқы журналистердің бірі мен боламын. Ол принциптерді болашақ жұмысымда да қолданамын. Төрешілер, бапкерлер, футболшылар не саясаткерлердің келісілген ойындарға қатысы бар және дәлеліміз жеткілікті болса, осы спорт түрінен шеттетеміз.

12.Жастар арасында футболды танымал ету үшін қандай бастамалар ұсынасыз?

Ауыл футболына көбірек көңіл бөлеміз, себебі дарындардың басым бөлігі ауылдардан шығады. Мектептер, университеттер, жеке меншік академиялар арасында жарыстарды ұйымдастырмақпыз.

13.Егер Сіз президент болып сайлансаңыз, Қазақстан футболын 5–10 жылдан кейін қалай елестетесіз?

Құрамамыз Еуропа мен әлем чемпионаттарына тұрақты түрде шығып, стадиондарымыз толы, әрі жаңа, ал футболшыларымыз Кәрі Құрлықтың көптеген командаларында доп теуіп жүр. Арманым осындай.

14.Сіздің бағдарламаңыз қазіргі басшылықтың бағдарламасынан немен ерекшеленеді?

Бағдарламаларымыздың көптеген тараптары ұқсақ. Дегенмен, кім оларды қалай жүзеге асырады - оны уақыт көрсетеді.

15.Жаңа лауазымда алғашқы қадамдарыңыз қандай болады?

Федерацияның ұжымымен кездесіп, бағдарламаммен таныстырамын.

16. Сіз "жоғарыдағы" адамдарыңыз жайлы айттыңыз, яғни барлық шешімді жоғары жақ қабылдайды-мыс, егер сіз президент болсаңыз сол "жоғары" билікке бағынасыз ба?

Жоқ, кез-келген жағдайда диалог құруға болады. Менің өз талаптарым бар.

17. Ішкі асханамен таныссыз ба және олар Сізге президенттік сайлауда кедергі келтірмейді ме?

Жоқ, әзірше ешкім қарсылық білдірген жоқ.

18. Әділ сайлауға сенесіз бе?

Егер әділ сайлауға сенбесем, осы сайлауға кандидатурамды ұсынбас едім.

Естеріңізге сала кетейік, ҚФФ президенттік сайлауы 20 желтоқсанда Астанадағы федерацияның штаб-пәтерінде өтеді.

Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie