«Бернли» Сәтпаевтың командасы «Уотфордпен» матчтан кейін аты аңызға айналған музыканттың көңілін қалдырды
Британдық аты аңызға айналған музыкант әрі «Уотфордтың» бұрынғы иесі сэр Элтон Джон Чемпионшип матчында «Бернлиден» ірі есеппен жеңілгеннен кейін клубтың қазіргі жағдайына көңілі қалғанын білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Сенбі, 10 қазанда «Уотфорд» Ники Хайеннің командасына 0:4 есебімен есе жіберді. «Бернли» үшін бұл жеңіс ағымдағы маусымдағы алғашқы жетістік болса, Алессио Дионизидің шәкірттері соңғы алты матчтағы бесінші жеңілісіне ұшырады.
Сәтсіздіктен кейін «Уотфорд» Чемпионшип турнирлік кестесінде 20-орынға сырғыды. Ірі жеңіліс жанкүйерлердің наразылығын туғызды. Олар бас бапкерге де, клуб иелері — Поццо отбасына да өз талаптарын жеткізді.
Британ музыкасының аңызы Элтон Джон да өз ұстанымын білдірді. Ол қорытынды ысқырықтан кейін «Уотфордтың» Instagram-дағы жазбасының астына мынадай пікір қалдырды:
«Мен өмір бойы «Уотфордқа» жанкүйер болып келемін. Соңғы бірнеше аптада клубтың осындай құлдырауға түскенін көру менің көңілімді қатты қалдырды әрі жанымды ауыртты. Мұның бәрін бақылауға мәжбүр болып отырған басқа жанкүйерлер үшін шын жүректен өкініш білдіремін».
Элтон Джон кім?
Элтон Джон клубтың иесі әрі төрағасы ретінде «Уотфордты» екі рет басқарды: алғаш рет 1976-1987 жылдары, кейін 1997 жылы қайта оралып, 2002 жылы қызметінен кетті. Оның клубқа қатысы бар кезеңде «Уотфорд» өз тарихындағы ең табысты дәуірлердің бірін бастан өткерді. Музыканттың құрметіне клубтың үй стадионындағы трибунаға оның есімі берілген.
Rolling Stone музыкалық журналының нұсқасы бойынша Джон ұлы музыкалық орындаушылар тізімінде 49-орында тұр. Жарты ғасырдан астам уақытқа созылған мансабында ол 300 миллионнан астам данасы сатылған 30 студиялық альбом шығарды. Оның марапаттары арасында бес Grammy мүсіншесі, екі «Оскар» және екі «Алтын глобус» бар. 1994 жылы музыкант Рок-н-ролл даңқ залына енгізілді.