Барбра Банда тестостерон дауына қарамастан әйелдер арасында әлемнің ең үздік футболшысы деп танылды
Замбия әйелдер құрамасының капитаны және АҚШ-тың “Орландо Прайд” клубының ойыншысы Барбра Банда әлемнің үздік футболшысы атанды. Дегенмен, оның мансабы үлкен даумен басталған болатын.
24 жастағы шабуылшы BBC британдық басылымының дауыс беруінде “Алтын доп” иегері Айтана Бомбатиді артта қалдырды. Алайда екі жыл бұрын Барбра Африка Кубогынан шеттетіліп, үлкен жанжалға ұшыраған еді.
2022 жылы Барбра Банда Африка ұлттар Кубогына қатысу үшін өтінімге енгізілгенімен, Замбия әйелдер құрамасының сапынан алынып тасталды. Бұған “гендерлік сәйкессіздік” себеп болған: тест нәтижелері бойынша футболшының тестостерон деңгейі Африкалық футбол конфедерациясы (CAF) белгілеген нормалардан асып кеткені анықталды. Замбия футбол қауымдастығының сол кездегі президенті спортшының жынысын анықтау тестінің талаптарға сәйкес келмегенін мәлімдеді.
Дегенмен, футболшының агенті Антон Максимов тестілеу нәтижесін ғана емес, оның жүргізілгенін де жоққа шығарды.
“Барбраның ресми өкілі ретінде мәлімдеймін: ол Африка Кубогынан CAF, FAZ, ФИФА немесе басқа ешқандай басшылық органның шешімімен шеттетілген жоқ. Барбра жынысын анықтайтын ешқандай тестілеуден өтпеді және, тиісінше, оны тапсырудан бас тартқан жоқ. Оның турнирге қатыспау туралы шешімі FAZ-дың Мароккоға келер алдындағы денсаулық жағдайына берген ішкі бағалауына негізделген”, – деді Максимов.
Барбра Банда 2018 жылы кәсіби мансабын Испанияның “Логроньо” клубында бастаған. Кейін Қытайдың “Шанхай Шэнли” клубына ауысты, ал ағымдағы маусым алдында 740 мың долларға АҚШ-тың “Орландо Прайд” клубымен келісімшарт жасасты. Ол Олимпиада футболының тарихындағы ерлер мен әйелдер арасындағы ең үздік сұрмерген болып саналады (10 гол) және “Алтын доп-2024” сыйлығына үміткерлер қатарында болды.
2024 жыл гендерлік сәйкестікке байланысты тағы бір жанжалмен есте қалды. Алжирлік Олимпиада чемпионы, боксшы Иман Хелиф тестостерон деңгейінің жоғары болуымен айыпталды. Зерттеулерден кейін оның ер адамның кейбір белгілеріне ие екені анықталды. Дегенмен, Хелиф әйелдер боксы бойынша 66 келі салмақта Олимпиада-2024 алтын медалін сақтап қалды.