Ақтөбе емес. Магомед Адиев қиын жағдайды бастан кешіріп жүрген Атырау клубын басқаруы мүмкін


Қазақстан құрамасының бұрынғы бас жаттықтырушысы Магомед Адиев ел футболына қайта оралуы ықтимал. “Тотальный футбол KZ” телеграм-арнасының мәліметінше, тәжірибелі маман қазіргі уақытта Қазақстанда жүр және Премьер-лигадағы клубтардың бірімен келіссөздер жүргізуде. Көпшіліктің болжамына қарамастан, сөз “Ақтөбе” жайлы емес, Батыс Қазақстанның тағы бір командасы, қазіргі таңда қиын жағдайда қалған “Атырау” туралы болып отыр.
“Атырау” футбол клубының қазіргі жағдайы ауыр. Қолда бар деректерге сенсек, команда ойыншылары мен қызметкерлері жыл басынан бері жалақы алмаған. Осыған байланысты футболшылар облыс әкіміне видеоүндеу жолдады. Ал жергілікті билік өз кезегінде клуб басшылығына қарсы айыптар тағып, прокуратура қаржылық заңбұзушылықтар мен бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактілерін алға тартты. Негізгі уәждердің бірі — жыл сайын бөлінетін қомақты қаржыға қарамастан, клуб ұзақ уақыт бойы ҚПЛ-да жетінші орыннан жоғары көтеріле алмады.
Осы жағдайдан кейін “Атырауды” мемлекет меншігіне қайтару және клуб басшылығын толықтай жаңарту мәселесі көтерілуде. Футбол қауымдастығы ішінде Дидар Сыдықбек есімі жиі айтыла бастады. Жас болса да, ол басқару ісінде тәжірибелі маман ретінде танымал. Оның SD Family жобасы — бұған дәлел: клуб бюджеттен тыс қаржымен өмір сүріп, дамуын жалғастырып келеді.
Ақпарат көздерінің хабарлауынша, Сыдықбек Магомед Адиевпен жақсы таныс. Егер дәл осы маман “Атыраудың” тізгінін ұстаса, онда бас бапкер қызметіне Адиевтің келуі — ең ықтимал сценарий.

Футбол
Бүгін 18:07

Футбол
Бүгін 17:27

Футбол
Бүгін 16:59