«Астана» - деңгейі жоғары команда: Ғани Қайназаров қазақстандық клубтың еурокубоктағы матчына болжам жасады


Қазақстандық белгілі футбол маманы Ғани Қайназаров Sports24.kz тілшісіне берген сұхбатында Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында өтетін «Астана» мен «Зимбру» арасындағы матчқа қатысты өз болжамымен бөлісті.
– Бірінші ойында, яғни сырт алаңда жеңілмейміз деп есептеймін, ал өз алаңымызда міндетті түрде жеңіске жетеміз. «Астана» деңгейі жоғары команда және халықаралық аренада үлкен тәжірибесі бар. Дегенмен, «Зимбру» да осал қарсылас емес. Өткен жылы молдовандық клубтың «Ордабасы» секілді командалармен қалай ойнағанын көрдік.
Неге мен бұлай ойлаймын? «Астана» – еурокубоктарда талай жетістікке жеткен ірі клуб. Бабаян – мұндай деңгейдегі ойындарға команданы дайындауда тәжірибесі мол жаттықтырушы. Бұдан бөлек, басқа да маңызды жайттар бар: мысалы, бізде маусым қызған шақ, ал молдован біріншілігі, менің білуімше, аяқталып қойған. Бұл жағдай ойын формасына әсер етеді. Мен жеңіс тілеймін және әрдайым қазақстандық клубтарға жанкүйермін. «Астана» «Зимбру» клубынан өтеді деп сенемін, – деді Қайназаров.
Айта кетейік, алғашқы матч 24 шілдеде Молдова астанасы Кишинев қаласында өтеді, ал қарымта кездесу 31 шілдеде Астанада ұйымдастырылады. Өткен маусымда молдовандық клуб өз елінің чемпионатында күміс жүлдегер атанған болатын.

Футбол
Бүгін 08:37

Футбол
Бүгін 08:11