Алтын Доп табысталуға санаулы сәттер қалғанда мадридтік Реал тосын шешім қабылдады
Футбол әлемі биылғы “Алтын доп” иегерін тағатсыздана күтуде. Жылдың басты марапаты табысталатын күн жақындаған сайын шиелініс те күшейе түсті. Дегенмен, ең көп талқыланған тақырып жеңімпаздан гөрі, мадридтік “Реалдың” осы маңызды кешке қатысудан бас тартуы болды.
Өткен маусымда “Реал” Ла Лигада жеңіске жетіп, Чемпиондар лигасында да топ жарып, жанкүйерлеріне қуаныш сыйлаған еді. Осы жарқын жетістіктердің артында тұрған жұлдыз – Винисиус Жуниор, еуропалық додаларда да үздік ойыншы атанды. Көптеген сарапшылар мен жанкүйерлер үшін ол “Алтын Доптың” айқын фавориті болғандай еді. Оның үстіне, марапатқа үміткерлер қатарында тағы бірнеше мадридтік ойыншылар – Джуд Беллингем, Дани Карвахаль және Тони Кроос та бар.
Тарихи маңызы бар осы сыйлыққа санаулы сағат қалғанда, “Реалдың” бұл күтпеген шешімі футбол әлемінде шынайы толқулар тудырды.
“Реал” ойыншыларынан тыс “Алтын Допқа” лайық жалғыз үміткер “Манчестер Ситидің” жартылай қорғаушысы Родри еді. Испандық ойыншы өткен маусымды табысты өткізіп, “қалалықтардың” АПЛ жеңіп алуына орасан үлес қосып, Чемпиондар Лигасының 1/4 финалына жету жолында сенімді ойын көрсетті. Дегенмен, мадридтік клуб жұлдыздарының қасында Родри тек топ-5 үміткерлер тізімінің соңында қалып тұрды.
Бұл жағдай ұлттық құрамалар арасындағы қос маңызды турнир – Америка Кубогы мен Еуропа чемпионатында түбегейлі өзгерді. Екі жарыс та бір уақытта (маусым ортасынан шілде айының басына дейін) өтті. Дәл осы кезеңде “Алтын Доп” иегері туралы болжамдар күрт өзгерді. Құрлықтық доданың басты фавориттерінің бірі саналатын Бразилия топтық кезеңде сенімсіз ойын көрсетіп, 1/4 финалда Уругвайдан пенальти сериясында жеңіліс тапты. Үлкен үміт артылған Винисиус турнирде сәтсіздікке ұшырап, 5 матчта тек Парагвайға қарсы 2 гол соқты.
Ал Еуропа чемпионатында “Алтын Допқа” үміткер ойыншылар өнер көрсететін құрамалар ұзақ жол жүрді. Родри мен Дани Карвахаль өнер көрсететін Испания құрамасы финалда Англияны (оның сапында Джуд Беллингем өнер көрсетті) жеңіп, Еуропа Чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Сонымен қатар, 1/4 финалда болашақ чемпиондар жанжалға толы матчта Германия құрамасын сүріндірді. Осыдан кейін Тони Кроос өз мансабын аяқтауға шешім қабылдады.
2024/25 маусым басталғаннан кейін-ақ, “Алтын Доптың” тағдырына кім лайық деген сауал көптің талқысына түсті. Біреулер барлық турнирлерде негізгі құрамда ойнап, 3 жүлде жеңіп алған Дани Карвахальға басымдық берсе, енді біреулер Еуропа чемпионаты мен ең мықты клубтық чемпионатты жеңіп алған Родриді қолдады. Ал Винисиус Жуниор болса, ұлттық құрамалар деңгейінде сәтсіздікке ұшырағанымен, Чемпиондар лигасы мен Ла Лигада басымдық танытты.
Алайда жағдайды екі ойыншының жарақаты өзгертті: алдымен Родри, одан кейін Карвахаль тізе байламдарының ауыр жарақатын алып, олардың мүмкіндіктері азайды. Осыдан кейін көпшіліктің көзқарасы Винисиусқа ауды. Әсіресе, ол “Боруссия” қақпасына хет-трик жасап, шеберлігін паш еткен соң, барлығы оны “Алтын Доп” алады деп күтті. Бұл жағдай Криштиану Роналдудың Швецияға қарсы соққан 3 голын еске түсірді, сол сәтте Роналду да Франк Риберидің алдынан шығып, “Алтын допқа” ие болған еді.
Жексенбілік Эль-Классико кезінде Винисиус пен “Барселона” ойыншысы Гави арасында шиеленіс орын алды. Гави Винисиуске ойынның есебін көрсетіп, (каталондықтардың пайдасына 4:0) мазақ етті. Алайда, Винисиус оған күлімсіреп, “Дүйсенбі күні мен “Алтын Допты” алуға барамын”, – деп жауап қатты.
Жеңімпазды жариялау күніне жеткенде күтпеген өзгеріс алды. Таңертеңнен бастап бүкіл ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер “бүгінгі “Алтын Доп” Винисиус Жуниорға бұйыратыны анық” деп шулады. Бірақ салтанатқа 5 сағат қалғанда барлығын таңқалдырған жаңалық келді: белгілі журналист Фабрицио Романо X желісінде Винисиус Жуниордың ойыншы үшін маңызды марапатты алмайтынын хабарлады.
Сондай-ақ, марапаттау кешіне мадридтік клубтың бірде-бір өкілі қатыспайды.
“Алтын Допты” “Реал” ойыншысы алмайтыны туралы мәліметті клубқа жақын журналист Хосе Луис Санчес те растап отыр. Ол былай деп мәлімдеді: “Манчестер Сити” “Реалға” Родридің “Алтын Допты” жеңіп алғанын хабарлады. Бұл ақпарат оларға жеткізілген, және олар оны “Реалмен” бөлісті”.
Бұл тарих өз мәресіне жақындап келеді, әрі осы оқиға “Алтын Доп” марапаттары тарихындағы ең даулы беттердің бірі ретінде есте қалғалы тұр.
Футбол
Бүгін 15:27
Футбол
Бүгін 14:57
Хоккей
Бүгін 14:47