Ғалымжан Кенжебектің клубы «Кошице» пенальтилер сериясында Конференция лигасына жолдамадан айырылды


Мамырдың 20-нан 21-не қараған түні «Кошице» мен «Подберезова» арасында Словакия чемпионатының Конференция лигасының іріктеу кезеңіне жолдама үшін жартылай финалдық кездесу өтті.
Алғашқы минуттардан-ақ «Кошице» допты өз бақылауына алып, екі жылдам гол соқты – 15 және 16-минуттарда. Бірақ жарқын сәттен кейін алаң иелері босаңсып қалды. Бірінші таймда бір гол жіберіп алған болса, екінші таймның ортасында қонақтар есепті теңестіріп, ойынды қосымша уақытқа ұзартты.
Қосымша уақытта есеп өзгермей, командалар матчтан кейінгі пенальти сериясына қалды. 11 метрлік соққыларды орындауда «Подберезова* ойыншылары дәлірек болып, 5:4 есебімен жеңіске жетті. Қазақстан құрамасының ойыншысы Ғалымжан Кенжебек ойынға жарияланды, бірақ алаңға шықпады.
Енді «Подберезова» 23 мамырдан 24 мамырға қараған түні Конференция лигасының іріктеу кезеңі үшін «Дунайська Стредамен» кездеседі. Шешуші ойын «Дунайська Стреданың» алаңында өтеді, өйткені клуб маусымды тұрақты чемпионат кестесінде жоғары орында аяқтады.
Словакия Чемпионаты. Плей-офф. 21 мамыр
«Кошице» - «Подберезова» - 2:2 [пенальтилер сериясы 4:5]
Голдар: Фаско, 15, Ниаркос, 16 - Ираянг, 33, Ковачик, 58.


