Албания УЕФА-дан чех жанкүйерлерінің қылықтарына қарсы шара қолдануды талап етті
Албания футбол федерациясы (АФФ) Ұлттар лигасы матчында чех жанкүйерлерінің орынсыз әрекеттеріне байланысты УЕФА-ға шағым түсіруді жоспарлап отыр.
Бұған дейін Чехия құрамасы өз алаңында Албанияны 2:0 есебімен жеңіп, Ұлттар лигасының В1 тобының үшінші турында үш ұпай еншілеген болатын. Ойын барысында чех жанкүйерлері Албанияның төңкерілген туын іліп, “Косово — бұл Сербия” деген жазуы бар баннерді көрсетіп, осындай ұрандар айқайлаған.
"Албания футбол федерациясы Чехияға қарсы матчта орын алған бұл ұятты әрекеттерді қатаң айыптайды. Нәсілшілдік қорлау мен Албания туын қорлау мүлдем қабылданбайды және футбол матчтарында орын алмауы керек. Бұл футбол құндылықтары мен халықтар арасындағы сыйластыққа үлкен нұқсан келтіреді.
Федерация нәсілшілдік пен ұлттық рәміздерді қорлаудың кез келген түріне қатаң қарсы шығады және УЕФА-ға шұғыл шара қолдануды талап етіп, ресми наразылық нотасын жолдауды жоспарлап отыр. АФФ бірінші тайм аяқтала салысымен ұйымдастырушыларға жағдайдың ушығуы мен ойынның тоқтатылуын болдырмау үшін жедел әрекет ету туралы өтініш білдірді.
Футбол — бұл адамдарды біріктіретін, ұлт пен этникалық тегіне қарамастан теңдік пен өзара сыйластықты насихаттайтын ойын. Албандар, әлемдік футбол отбасының бір бөлігі ретінде, осы құндылықтарды қорғап, нәсілшілдік пен жеккөрушілік әрекеттерінің кез келген түрін айыптайды, сондай-ақ осы спорттың сұлулығын қорлауға тырысқандарға қарсы шығады", — делінген АФФ-ның баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.
Албания құрамасы В1 тобының турнирлік кестесінде үш ұпаймен үшінші орында тұр. Алты ұпай жинаған Чехия екінші орынға жайғасты. Келесі турда Силвиньоның командасы 14 қазанда сырт алаңда Грузиямен кездеседі.
Хоккей
Бүгін 01:50
Футбол
Бүгін 01:35