Акис Вавалис: Қазақстан әрдайым жүрегімде қалады


Қазақстан Премьер-лигасында жұмыс істеген тұңғыш грек маман Акис Вавалис «Женис» клубынан кететінін ресми түрде мәлімдеді. 39 жастағы бапкер бұл шешімді отбасылық жағдайларға байланысты қабылдағанын айтты.
«Женистегі» жолым аяқталды. Бұл кезең мен үшін ұмытылмас сәттерге толы болды – еңбек, құштарлық, даму. Біз бірге үлкен жетістіктерге жеттік – Лига кубогының финалына дейін бардық. Бұл сәттер менің жадымда мәңгі қалады. Футболшыларға, клуб қызметкерлеріне және жанкүйерлерге алғыс айтамын. Менің шешімім – жеке себептерге байланысты, бірақ Қазақстан мен «Женис» әрдайым жүрегімнің түбінде қалады. Командаға тек табыс тілеймін – бұл ұжымның болашағы жарқын», — деді Вавалис.
Айта кетейік, Вавалис 2024 жылдың мамырында клубтың тізгінін ұстаған кезде «Женис» турнир кестесінің соңғы орнында тұрған. Маусым соңында команда 10-орынға көтеріліп, Бірінші лигаға түсіп қалудан аман қалған болатын. Сонымен қатар астаналық ұжым Лига кубогының финалына дейін жеткен. Қазіргі таңда «Женис» Премьер-лигада 5 ұпаймен 10-орында келеді. Соңғы турда команда «Қайратқа» жол берді.

Футбол
Бүгін 13:52

Футбол
Бүгін 11:12