Қайта құрылым болады: «Манчестер Юнайтед» сатуы тиіс сегіз ойыншы


«Манчестер Юнайтед» үшін бұл маусым көңіл қуантпайды. Ұпай көрсеткіші жағынан алғанда, бұл - клуб тарихындағы АПЛ-дегі ең сәтсіз кезеңдердің бірі. Бас бапкердің ауысуы да жағдайды түбегейлі өзгерте алған жоқ. Дегенмен клуб басшылығының соңғы мәлімдемелеріне қарағанда, Рубен Аморим қызметінен кетпейді.
Керісінше, португалиялық маманға жазғы трансферлік науқанда бюджет бөлінеді. Алайда жаңадан келетін ойыншыларға орын босату үшін команда бірнеше футболшымен қоштасуға мәжбүр болады. Джонни Эванс, Виктор Линделеф және Кристиан Эриксен - клубтан еркін агент ретінде кетуі ықтимал футболшылар. Алайда «Юнайтед» сатуға тиіс ойыншылар тізімі бұлармен ғана шектелмейді.
Андре Онана
Онананың манчестерлік мансабы тұрақсыз өтті. Кейбір матчтарда камерундық қақпашы тамаша сейвтерімен көзге түсіп, командасын құтқарса, кейде дәл сол ойындарда елеулі қателіктер жіберіп, гол жіберіп алады. Мұндай тұрақсыздық «Юнайтедті» маңызды ұпайлардан айырып отыр. 29 жастағы қақпашымен қоштасу - дұрыс қадам болар еді. Ол қақпаға бағытталған доптардың небәрі 70 пайызын қайтара алады. Бұл - 2003/04 маусымынан бері АПЛ-де кемі 900 минут өткізген «Юнайтед» қақпашылары арасындағы ең төменгі екінші көрсеткіш. Ол «Интерде» сенімді қақпашы болды, алайда «Юнайтед» оған сай орта болмауы да мүмкін.
Люк Шоу
Шоу «Юнайтед» сапында 11-ші маусымын өткізіп жатыр. Осы уақыт ішінде ол тек екі маусымда ғана АПЛ-де 30-дан астам матч өткізген. Тағы екі маусымда ойындар саны 20-дан сәл ғана асқан. Бір кездері ол жоғары деңгейлі қаптал қорғаушысы саналатын. Бүгінде де сол деңгейге қайта оралуы мүмкін, бірақ үнемі жарақат алып, бір қалыпқа түсе алмай келеді. Формасын енді ғана жинай бергенде, жарақаты қайта сыр береді. Қатаң үнемдеуге көшкен клуб үшін мұндай ойыншыны ұстап тұру - тиімсіз. Соңғы екі маусымда ол АПЛ-де бар-жоғы 15 рет қана алаңға шықты.. Сондықтан клубпен қоштасуы қисынды шешім болмақ.
Тайрелл Маласия
2022 жылғы жазда «Фейеноордтан» келген Маласия болашағынан зор үміт күттірген жас қорғаушы болатын. Оның жарақат алған Шоудың орнын басар лайықты балама боларына сенім артылды. Алғашқы маусымы жаман өтпегенімен, келесі маусым басталмай жатып алған ауыр жарақат оны ұзақ уақытқа қатардан шығарды. Содан бері бабына келе алмады. Қысқы трансферде ол ПСВ-ға жалға берілді, бірақ ол жақта да өзін көрсете алмады. Мүмкін, ол үшін маусым алдындағы толыққанды дайындықпен жаңа командада жаңа өмір бастау дұрыс болар.
Мэйсон Маунт
Маунт 2023 жылдың жазында «Челсиден» 64 миллион еуроға ауысты. Бұл сома АПЛ-де соңғы маусымда небәрі үш гол соққан ойыншы үшін тым артық көрінді. «Олд Траффордтағы» алғашқы күндерден бастап-ақ бұл күмәндер негізді екенін көрсетті. Екі маусымда 26 жастағы жартылай қорғаушы АПЛ-де бар болғаны бір гол соғып, негізгі құрамда небәрі тоғыз рет қана шықты. Жарақаттар да жиі мазалайды. Оның ай сайынғы жалақысы 250 мың фунтты құрайды. Бюджет тапшылығы бар клуб үшін бұл ауыр салмақ. Жазда Маунтпен қоштасу ықтималдығы өте жоғары.

Антони
Антонидің «Юнайтедке» ауысуы басынан бастап күмән тудырды. Себебі трансфер құны 95 миллион еуроны құрайды, бұл клуб тарихындағы екінші ең қымбат келісім. Алайда, жарқын бастамадан кейін оның ойыны сөне бастады. 2,5 маусымда ол АПЛ-де бар болғаны 5 гол соқты. Ойыншы жазда-ақ сатылуы керек еді, бірақ лайықты сатып алушы табылмады. Қыста оны «Бетис» жалға алды, және бразилиялық вингер Севильяда жақсы ойын көрсете бастады. Бұл барлық тарапқа тиімді шешім болды. Антони Испанияда қайта түлегенін ескерсек, оның болашағын жазда қайта қарастыруға толық негіз бар.
Джейдон Санчо
Санчо кезінде Бундеслигада ойнап жүріп-ақ Премьер-лигада доп тебуді армандайтынын ашық айтатын. 2021 жылы ол «Юнайтедке» 85 миллион еуроға ауысып, арманына қол жеткізді. Алайда нәтиже көңілден шықпады. Алғашқы маусымда АПЛ-де үш, екінші маусымда алты гол соқты. Кейін Эрик тен Хагпен келіспей қалып, ұзақ уақыт бойы алаңға шықпай қойды. Ақыры жарты маусымға бұрынғы командасы «Боруссияға» жалға берілді. Қазір 25 жастағы вингер «Челсиде» жалда өнер көрсетіп жүр. Тұрақсыз ойнағанымен, кей сәттерде командаға пайда әкеле алатынын көрсетіп жүр. Бұл жағдайды пайдаланып, «Юнайтед» оны ақшалай капиталға айналдыруы тиіс.
Маркус Рэшфорд
Рэшфордтың клубтан кететін уақыты баяғыда жеткен. Ол тұрақсыз өнер көрсеткенімен, «Юнайтед» оған үнемі мүмкіндік беріп келді. Қыста клуб пен ойыншы уақытша қоштасты. Рэшфорд «Астон Виллаға» ауысып, алғаш рет өзге команда сапына өтті. Жаңа орта оған оң әсер етті: АПЛ-дегі 8 матчта бір гол соғып, екі нәтижелі пас берді. Ол қайтадан сенімді көріне бастады. Бұған дейін ол «Юнайтедке» оралуы мүмкін екенін айтып қалған. Дегенмен бұл әңгіменің соңғы нүктесін қойған дұрыс. Екі тарап та бір-біріне берерін берді. Енді 27 жасар Маркустың жарқырауына жаңа мүмкіндік бар.
Расмус Хойлунд
«Юнайтедтің» соңғы жылдардағы трансферлік саясаты сынға жиі ұшырап жүр. Хойлундтің келуі де соның қатарында. Ол «Аталанттан» 74 миллион еуроға сатып алынды. Алғашқы маусымда АПЛ-де 10 гол соғып, жаман нәтиже көрсетпегенімен, одан көп үміт күтті. Ал биылғы маусымда 22 жастағы шабуылшы небәрі үш голмен шектелді, бұл өте әлсіз нәтиже. Маусым барысында оның екі рет ұзаққа созылған голсыз сериясы болды: бірі - 5 матч, екіншісі - 13. Хойлунд - әлеуеті бар ойыншы, бірақ «Юнайтедке» одан да өнімді форвард керек. Клуб жазда бұл мәселені шешуге бел буған сыңайлы.

Футзал
Бүгін 07:30

Басқа спорт түрлері
Бүгін 06:18

Футбол
Бүгін 01:42