locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Теміртас Жүсіпов «IBA чемпиондар түні» турнирінде топ жарды

Теміртас Жүсіпов «IBA чемпиондар түні» турнирінде топ жарды

Аддис-Абебада (Эфиопия) 17 тамыз күні «IBA чемпиондар түні» атты кәсіби турнир өтті. Қазақ боксшысы Теміртас Жүсіпов өзбек Нодиржан Мырзахметовпен күш сынасты.

Жекпе-жек ең төменгі салмақ дәрежесінде 8 раундқа жоспарланған болатын. Жүсіпов алғашқы раундтарда жақсы белсенділік танытты: Нодиржанның корпусына, басына соққылар жұмсады, дегенмен Мырзахметов 4-ші раундтан бастап есін жиып, қарсыласын оверхендтермен алуға тырысты. Жүсіпов тәжірибесінің арқасында сәтті қарсы шабуыл жасап отырды.

Соңғы раундтарда қарсыластар бір-бірін клинчке тоқсырды. Теміртас сәл баяулап, Басына соққылар алды, алайда жауап ретінде панчтар тастауды ұмытпады.

8 раунд қорытындысы бойынша төрешілер бөлек шешіммен жеңісті Теміртас Жүсіповке берді. Қазақ боксшысы үшін бұл «IBA чемпиондар түні» турниріндегі екінші жекпе-жегі. Бұдан бұрын Теміртас Алматыда төрешілер бірауыздан қабылдаған шешімімен қырғыз Әнуар Ходжиевтен басым түскен болатын. Теміртас пен Нодиржан әуесқойлар деңгейінде бас түйістіріп үлгерген. 2021 жылдың сәуірінде Нодиржан басым түсті, ал сол жылдың қараша айында Теміртас Белградтағы бокстан 2021 жылғы әлем чемпионатының ширек финалында реванш алды.