Карлос Адамес Жәнібек Әлімханұлын жекпе-жектен қашты деп айыптады


WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Карлос Адамес қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен титулдарды біріктіру жекпе-жегіне дайын екенін тағы да мәлімдеді. Доминиканалық боксшы әлеуметтік желідегі қызу пікірталасқа жауап беріп, Жәнібекті келіссөздерді созып, жекпе-жектен жалтарып отыр деп айыптаған жанкүйерлердің пікіріне үн қатты.
Көптеген жанкүйер бұл жағдайды Геннадий Головкиннің дәуірімен салыстырды. Ол кезінде біртіндеп барлық белбеулерді біріктіріп, ешқандай қарсылақтан жалтармаған болатын. Сол себепті, жанкүйерлердің пікірінше, біріккен жекпе-жек - дивизиондағы мықтыны анықтаудың ең әділетті жолы.
Алайда Адамес бұл жағдайда бар жауапкершілік Жәнібекке тиесілі екенін айтты.
«Егер ол қаламаса, мен не істей аламын?» - деп қысқа қайырды Карлос. Оның айтуынша, бастаманы Жәнібектің өзі көтеруі керек.
5 сәуірде Астанада өткен жекпе-жекте Жәнібек Әлімханұлы француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутқа жіберіп, WBO және IBF титулдарын сәтті қорғады. Бұл жекпе-жек оның мансабындағы ең табысты кездесу болды: қазақстандық чемпион кемінде 500 мың доллар сыйақы алды, ал PPV сатылымы жоғары болса, бұл сома 3 миллион долларға дейін жетуі мүмкін.
Жекпе-жектен кейін Карлос Адамес Жәнібекпен жұдырықтасуға ашық екенін мәлімдеді. Ол өз сөзінде Мейірім Нұрсұлтановқа емес, дәл «Қазақ стилімен» жұдырықтасқысы келетінін атап өтті.