Калифорниядағы жеңістен кейін қазақ «королі» Руслан Абдуллаев Өзбекстанға оралды


Кәсіпқой бокстағы жарқын жеңісінен кейін этникалық қазақ, өзбекстандық боксшы Руслан Абдуллаев еліне оралды. Ол 19 сәуір күні АҚШ-тың Калифорния штатында өткен бокс кешінде филиппиндік Джино Родригомен жұдырықтасып, сенімді жеңіске жеткен болатын. Бұл жетістігі оған бірінші жартылай орта салмақта WBA нұсқасы бойынша «Continental Americas Gold» белбеуін алып келді.
22 сәуір күні Русланды Ташкент халықаралық әуежайында салтанатты түрде қарсы алды. Оны қарсы алуға Өзбекстан Республикасы Спорт министрінің орынбасары Шахрулло Махмудов, Ұлттық Олимпиада комитетінің Бас хатшысы Ойбек Қасымов, елдің Бокс федерациясының Бас хатшысы Шохид Тиллабоев, сондай-ақ туған-туыстары мен жақындары жиналды. Бұл туралы Өзбекстанның ҰОК ресми хабарлады.
Ресми тұлғалар Абдуллаевты кәсіпқой бокстағы екінші жеңісімен құттықтап, алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі жетістіктерге жетуіне тілектестік білдірді.
Бұған дейін Өзбекстан құрамасының бас бапкері Тулкин Киличев Руслан Абдуллаевты бокстың жаңа «королі» деп атаған еді.

Футбол
Кеше 23:21