Иман Хелиф жарыстарға қатысу құқығын қорғауға дайын екендігін мәлімдеді


Алжирлік олимпиада чемпионы, боксшы Иман Халиф халықаралық жарыстарға қатысу құқығын қорғауға дайын екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) Иман Халифтің Париж Олимпиадасына қатысуына байланысты Халықаралық Олимпиада комитетіне (ХОК) ресми шағым түсірген болатын. Ұйымның мәлімдеуінше, талдау нәтижелері оның ағзасында ер адамдарға тән хромосомалардың бар екенін көрсеткен, сондықтан оның әйелдер арасындағы жарыстарға қатысуына күмән келтірілген.
“Мен бұған дейін де түрлі қиындықтарға тап болдым. Олимпиада ойындарында жеңілдім, әуесқой турнирлерде де сәтсіздіктерге ұшырадым, рингте талай рет құладым. Бірақ ешқашан тоқтаған емеспін. Әрбір сынақ мені күшейтті, әр әділетсіздікке, негізсіз айыптауға қарсы тұра білдім. Мен әлі де күресе беремін. Бұл жолда менің абыройым мен намысым бәрінен биік”, — деп жазды Халиф әлеуметтік желідегі парақшасында.
Спортшының айтуынша, оның командасы жағдайды мұқият зерттеп, оның құқығын қорғау үшін барлық заңды шараларды қолдануға дайын.
“Бұл жағдайға жауапты адамдар әділдік алдында жауап беруі керек. Біз заң аясында барлық мүмкіндікті пайдаланып, ақиқаттың орнауына күш саламыз.
Мен ешқайда кетпеймін. Рингте де, сотта да, көпшіліктің алдында да өз шындығымды дәлелдеу үшін соңына дейін күресемін”, — деді ол.
Айта кетейік, Иман Халифтің Париж Олимпиадасына қатысуы үлкен дау тудырды. 1/8 финалда оның қарсыласы, италиялық Анджела Карини жекпе-жектен бас тартып, алжирлік боксшының “ерекше физикалық күшін” себеп ретінде атады. Бұл жағдай қоғамда қызу пікірталас туғызып, оның әйелдер арасындағы жарыстарға қатысуының әділдігі туралы түрлі көзқарастарды өршітті.

Футбол
Бүгін 16:00
