Данияр Елеусінов келесі жекпе-жегін Қазақстанда өткізуге дайындалуда
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов (12-0, 7 КО) келесі жекпе-жегін өз елінде өткізуді жоспарлап отыр.
2016 жылғы Олимпиада чемпионы әлеуметтік желілер арқылы жанкүйерлерден болашақ қарсыласы кім болғаны дұрыс деген пікір сұраған еді. Алайда, жанкүйерлер британдық Крис Конго, оңтүстікафрикалық Тулани Мбенге, венесуэлалық Габриэль Маэстре және америкалық Марио Барриос арасында нақты таңдау жасай алмады.
“Иә, жанкүйерлер Қазақстанда қай жекпе-жек өткізу шындыққа жанасатынын толық түсіне алмай отыр. Қазіргі жоспарым – ақпан айында Қазақстанда жекпе-жек өткізу, содан кейін елден тыс жерде рингке шығу. Ең бастысы – ұзақ үзіліс жасамай, жанкүйерлерге есте қаларлық кеш сыйлау. Мен үшін қарсылас маңызды емес, кім келісе алады – сол болады. Дегенмен, шындыққа жақын нұсқа ретінде Конго мен Маэстре қарастырылады.
Қарсыластың деңгейі жоғары, аты танымал болғаны маңызды, бірақ оларды Қазақстанға шақыру оңай емес. Бұл көбінесе гонорарға байланысты. Дегенмен, бұл мәселені шешуге болады деп сенемін”, – деп бөлісті Елеусінов Tengri Sport басылымына берген сұхбатында.
Боксшының айтуынша, алдағы жекпе-жек WBC тұжырымы бойынша жартылай орта салмақта чемпиондық белбеу үшін үміткер статусына жетудегі маңызды қадам болмақ.
“Барриос – менің басты мақсатым, себебі WBC Silver World белбеуі үшін жекпе-жек өткізгім келеді. Осы белбеуді жеңген соң, толыққанды WBC чемпионымен, яғни Барриоспен рингке шыққым келеді. Қазіргі иеленіп отырған WBC Peace титулы Silver World чемпионымен кездесуді міндеттейді. Егер ол орындалмаса, белбеу босатылып, мен ол үшін күресемін. Мұндай сценарий маған ұнайды, өйткені бұл кейін Барриосты жекпе-жекке мәжбүрлеуге мүмкіндік береді”, – деді Елеусінов.
Айта кетейік, америкалық боксшы Марио Барриос (29-2-1, 18 КО) 2024 жылдың маусым айында WBC тұжырымы бойынша жартылай орта салмақта әлем чемпионы атанған болатын.
Хоккей
Бүгін 07:30
Басқа спорт түрлері
Бүгін 05:41