Қазақстан құрамасының бас бапкері Астанадағы турнирден Өзбекстанның бас тартуына пікір білдірді


Қазақстанның ұлттық бокс құрамасының бас бапкері Қайрат Сатжанов 30 маусым мен 7 шілде аралығында Астанада өтетін беделді World Boxing турниріне Өзбекстан құрамасының қатыспайтынын түсіндірді.
Маманның айтуынша, өзбекстандықтар бастапқыда жарысқа қатысуға ниет білдіріп, ресми өтінім жіберген. Алайда көп ұзамай шешімін өзгерткен.
«Бастапқыда Өзбекстан құрамасы тізімде болған. Бір апта, бәлкім екі аптадан соң бас тартты. Нақты себебін айтқан жоқ»,— деді Сатжанов.
Соған қарамастан, бапкер турнир деңгейінің төмендемейтініне сенімді:
«Бұл жарыстың әлсірейтін жөні жоқ. Астанаға әлем чемпиондары, Олимпиада жүлдегерлері мен Азияның таңдаулы былғары қолғап шеберлері келеді. Қатысушылар құрамы өте мықты, сондықтан жарыс жоғары деңгейде өтетініне еш күмәнім жоқ»,— деді ол.
Өзбекстан құрамасының шешіміне қатысты нақты пікір білдіруден Сатжанов бас тартты:
«Не себеп болғанын білмеймін. Бұл мүмкін стратегиялық қадам болар. Терең үңілгім келмейді — бұл олардың таңдауы»,— деді ұлттық құраманың бапкері.
Айта кетейік, World Boxing турнирі - Олимпиадаға дайындықтағы маңызды кезеңдердің бірі. Бұған дейін Қазақстан құрамасының алдын ала құрамы жарияланған болатын.