Қазақстанда баскетболдың жүз жылдығы: ФИБА президенті Тоқаевпен кездесті
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық баскетбол федерациясының (ФИБА) президенті, шейх Сауд Али әл-Танимен кездесу өткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ақорда мәліметінше, мемлекет басшысы қонаққа Қазақстан баскетбол федерациясының отырысына қатысқаны және елімізде бұл спорт түрінің дамуына ФИБА тарапынан көрсетіліп отырған қолдау үшін алғысын білдірді.
Тоқаев 2026 жыл – Қазақстандағы баскетболдың жүз жылдығы екенін атап өтіп, бұл спорт түрі әлі де ең танымал спорттардың бірі болып қала беретінін, балалар мен жастар арасында үлкен сұранысқа ие бола бастағанын айтты. Кездесуде тараптар бұқаралық және кәсіби баскетболды дамыту, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне назар аударды.
- Сондай-ақ оқыңыз: Азия ойындары ма, әлде әлемдік арена ма? Қазақстан күрес құрамасы алдында күрделі таңдау тұр
Өз кезегінде әл-Тани Қазақстанда баскетболдың дамуына көрсеткен қолдау үшін мемлекет басшысына алғыс айтып, ФИБА-ның бұл спорт түрін танымал етуге қатысты жоспарларымен бөлісті.
Айта кетейік, ФИБА-ның соңғы әлемдік рейтингінде Қазақстанның ерлер құрамасы 86-орында (Азияда — 18-ші), ал әйелдер құрамасы 69-орында (Азияда — 14-ші) тұр.
