Қазақстан баскетбол құрамасы Тегеранға барудан бас тартқаны үшін техникалық жеңіліске ұшырады
2024 жылғы 22 қарашада Қазақстан баскетбол құрамасы Иран астанасы Тегеранда Азия Кубогына іріктеу матчын өткізуі керек еді. Алайда қауіпсіздік жағдайларына байланысты қазақстандық делегация бұл сапардан бас тартты, нәтижесінде командаға техникалық жеңіліс жазылды.
Қазан айында ҚР Көлік министрлігі Ирандағы жағдайдың ушығуына байланысты қазақстандық әуе компанияларына осы елдің әуе кеңістігін айналып ұшуға кеңес берген болатын.
Азия Кубогында Қазақстан құрамасы Е тобында өнер көрсетуде, оның қарсыластары Катар мен Үндістан құрамалары. Қазақстандықтар осы командалармен алғашқы кездесулерінде жеңіске жетіп, топта уақытша көшбасшылық үшін Тегеранда Иран құрамасымен ойнауы керек еді. Алайда ойынның алдында түнде Қазақстан баскетбол федерациясының ресми аккаунтында сапардың тоқтатылғаны туралы хабарлама жарияланды.
“Құрметті жанкүйерлер, Ислам Республикасы Ирандағы тұрақсыз жағдайларға байланысты ҚР Туризм және спорт министрлігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл елге сапардан бас тартуға кеңес бергенін хабарлаймыз.
Осы жағдайды ескере отырып және спортшыларымыз бен команда мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаттарын басшылыққа ала отырып, ҚР Баскетбол федерациясы ФИБА-ға 22 қарашада Иран құрамасына қарсы өтуі тиіс матчты кейінге шегеру мүмкіндігін қарастыру туралы ресми өтініш жолдады. Қазіргі уақытта біз ФИБА-ның ресми жауабын күтіп отырмыз”, – делінген хабарламада.
ФИБА сайтының мәліметінше, Қазақстан құрамасына техникалық жеңіліс жазылып, есеп 0:20 болып тіркелді. Қазір команда 2 жеңіс және 1 жеңіліс нәтижесімен топта екінші орында тұр. ФИБА-ның бұл шешімі туралы ресми сайтында немесе әлеуметтік желілерінде қосымша ақпарат жарияланбаған.
Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасы Алматыда дайындық жұмыстарын жүргізуде және 25 қарашада Ченнай қаласында Үндістан құрамасына қарсы өтетін Азия Кубогына іріктеу матчына дайындалуда.
Футбол
Бүгін 05:00
ММА
Бүгін 03:20
Басқа спорт түрлері
Бүгін 02:49