locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский
locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский
Қонақ
Қонақ Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз немесе тіркеліңіз
Мәзір

Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Нұрболат Жаңбыров: Таеквондодан (WT) жастар арасында бәсекелестік жоғары

Мақалалар 18 сәу 2025 01:53
Асылхан Тоқсанбек
Асылхан Тоқсанбек
Редактор
Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Нұрболат Жаңбыров: Таеквондодан (WT) жастар арасында бәсекелестік жоғары
ФОТО: Федерация таеквондо WT Казахстана

1–5 мамыр аралығында Шымкент қаласында таеквондодан (WT) Қазақстан Республикасының жастар арасындағы чемпионаты өтеді.

Осы жарыс қарсаңында Sports24.kz тілшісі Асылхан Тоқсанбек Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Нұрболат Наурызғалиұлы Жаңбыровпен сұхбаттасты.

– Шымкентте өтетін Қазақстан чемпионатында қандай өзгерістер немесе ерекшеліктер болуы мүмкін?

– Шымкентте өтетін Қазақстан чемпионатында алғаш рет Daedo электронды жүйесі қолданылады. Бұған дейін бұл жарыс жыл сайын KPNP жүйесімен өтетін. Себебі, Малайзияда өтетін Азия чемпионаты да Daedo электронды жүйесімен ұйымдастырылады. Сол себепті, осы жүйемен өткізуге федерация мүмкіндік беріп отыр.
Тағы бір өзгеріс – бұған дейін ересектер мен кадеттер арасындағы Қазақстан чемпионаттарын халықаралық дәрежедегі шетелдік төрешілер басқарған. Сол сияқты, бұл жолы да әділ әрі сапалы іріктеу болуы үшін халықаралық төрешілер тартылып отыр.

– Қатысушы командалар қалай дайындалып жатыр?

– Қазір өзім бақылап, талдау жүргізіп отырмын. Үш ірі қала мен 17 облыстан шамамен 600–700 спортшы қатысады деп болжап отырмыз. Биылғы бәсекелестік деңгейі былтырғыға қарағанда жоғары болады деп ойлаймын. Өйткені кадеттер құрамасынан жастар құрамасына бірқатар мықты спортшылар ауысуда. Солардың бірі — әлем чемпионы Таисия Боровикова.

– Биыл құрам толық жаңарады деп ойлайсыз ба?

– Құрам толық жаңарады деп ойламаймын. Өзгеріс болса да, ол шамамен 20–30 пайыз көлемінде болуы мүмкін. Себебі, былтырғы чемпиондар биыл да чемпиондық атақтарын қорғауға негізгі үміткерлердің қатарында. Тек сегіз спортшы ғана жастар құрамасынан ересектер қатарына өтті, қалғандары бұрынғы орнында қалады.

– Былтырғы құрам Сербия мен Болгарияда жақсы өнер көрсетіп, екі елде де медаль саны бойынша бірінші орын алған еді. Биылғы чемпионатқа қандай үмітпен қарап отырсыз?

– Бұл — спорт. Сондықтан әр облыс өз спортшысын дайындап, жарысқа үмітпен келеді. Сонымен қатар, кадеттер арасында да үміт күттіретіндер көп. Ең бастысы – осы чемпионатта еліміздегі ең мықты спортшылар анықталады.

– Құрамадағы спортшылардан кімдер өз орындарын сақтап қала алады деп ойлайсыз?

– Нәтижелерімен көзге түсіп, өз орнын нықтаған спортшылар бар. Атап айтқанда, Тасқын Теміржан, Қазнабек Тоғжан, Ряботенко Анастасия және Махмуд Нұрали.
Дегенмен, спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Сондықтан барлығы мүмкін. Нағыз мықтыны біз доянгта көреміз.

– Жалпы қатысушылардан не күтесіз?

– Менің күтетінім – әр спортшы өзінің шеберлігін толық көрсете алса екен. Барынша жоғары деңгейде өнер көрсетіп, нағыз үздіктерді анықтаймыз деген сенімдемін.

– Биылғы Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен спортшыларды алда не күтіп тұр? Іріктеу қалай өтеді?

– Бұл чемпионат – Азия чемпионатына іріктеу кезеңі ретінде қарастырылады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер құрамаға алынып, оқу-жаттығу жиындарына қатысады. Жиын барысында ең үздік спортшылар анықталып, Азия чемпионатына солар барады.

– Кадеттер арасында жақсы өнер көрсеткен, бірақ жастар арасындағы іріктеуден өте алмаған спортшыларға қосымша мүмкіндік беріле ме?

– Кадеттер құрамасынан ауысқан спортшылардың кейбірі жастар құрамасына қосылады деп ойлаймын. Егер негізгі құрамда орын болмаса да, кемінде жартылай финалға дейін жеткендер ескерусіз қалмайды.
Жалпы, бар болғаны төрт спортшы ауысты. Олардың қатарында Таисия Боровикова мен Шаптефраць Егор бар, екеуі де үлкен үміт күттіріп отыр. Іріктеуден өте алмаған күннің өзінде олар оқу-жаттығу жиындарына шақырылып, тәжірибе жинау мақсатында қатысады.

– Жастар құрамасының аға жаттықтырушысы ретінде жаңа маусымда сіздерге қандай жоспарлар мен міндеттер жүктеліп отыр?

– Бізге жүктелген басты міндет – Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен үздік спортшылардың негізінде ұлттық құраманы жасақтау. Осы құраммен үш кезеңнен тұратын оқу-жаттығу жиынын өткіземіз.
Бірінші жиын Алматыда, таулы жерде, арнайы дене дайындығына бағытталады. Екінші жиын Иранда өтеді – спаррингке арналған. Үшінші кезең Түркістан облысындағы Алматау базасында ұйымдастырылады. Бұл кезеңде Азия чемпионатына баратын он ұл мен он қыз спортшыны жеке дайындауға баса назар аударылады.

– Соңғы мақсат – Азия чемпионаты ма?

– Иә, шілде айында өтетін Азия чемпионатында алтыннан алқа тағу – басты мақсат. Осы жолда Қазақстандық таеквондо (WT) федерация басшысы Шамиев Күдрет Игнатұлы жастар құрамасына толық жағдай жасап отыр.
Биыл барлық спортшыларға жаңа форма, толық дәруменмен қамту, арнайы дәрігер мен массажшы бөлінеді. Бізге сенім артқан және бар жағдайды жасап отырған федерация басшылығына алғыс айтамын.

Сұхбат соңында Нұрболат Жаңбыров алдағы ел чемпионатына қатысатын барлық спортшыларға сәттілік тіледі.

Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie