«Бәсекелестік көбейді». Екі дүркін Азия чемпионы Мәдина Ержан — Қазақстанда әйелдер күресінің дамуы туралы


Сәуір айында өткен Азия және Океания чемпионатында қазақстандық самбошылар 93 медаль жеңіп алды. Оның 27-сі - алтын. Осы турнирде алтын медаль иеленген Мәдина Ержанмен Sports24.kz тілшісі сұқбаттасты. Бұл - Мәдинаның Азия чемпионаттарындағы екінші алтын жүлдесі. Өткен жылы ол Макаода өткен додада да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген болатын. Азияның екі дүркін чемпионы қазіргі таңда Қазақстанда самбо, әсіресе әйелдер самбосы қалай дамып жатқанын және қандай жетістіктерге жету керектігін айтып берді.
22 жастағы Мәдина Ержан - самбодан спорт шебері, Қарағанды қаласының тумасы. Ол аты аңызға айналған Геннадий Головкин тұрған және оның құрметіне спорт залы ашылған Майқұдық ауданында тұрады. Чемпион өскен ауданда өмір сүріп, спортпен айналыспау мүмкін емес. Мәдина күреспен айналысып жүргенімен, алғашында гимнастикаға қызығушылық танытқан.
— Күрес секциясына қалай келдіңіз және неге осы спорт түрін таңдадыңыз?
— Мені жаттығу залына әкем, алғашқы бапкерім Әбіш Ержан ертіп әкелді. Ол менің күреске деген қызығушылығымды оятты. Алғашында қазақша күреспен (қазақтың ұлттық күресі) айналысып, ұлдармен белдестім. Бірінші жарысым да ұлдар арасындағы аудандық турнир болды. Ол жылдары, яғни 2010 жылдардың басында, қыздар өте аз еді. Мен өзім қатысқым келді. Шашым кедергі болмасын деп капюшон киіп күрестім. Финалға дейін жетіп, екінші орын алдым. Жеңілгеніме жылап қалғаным әлі есімде. Осыдан кейін ірі жарыстарға қатыса бастадым. Олар елордаға сапарлармен жалғасты. Бір турнирде жеңіске жеттім. Қыздардың аздығынан өзімнен жасы да, салмағы да үлкен қарсыластармен белдесуге тура келді. Сол кезде менің салмағым бар болғаны 32 килограмм еді. Әр салмақта бір ғана қыз болатын.
— Ал қазір сол кезеңмен салыстырғанда күреспен айналысатын қыздардың саны артты ма?
— Иә, әлдеқайда көбейді. Қазақ күресінде де. Бұрын қазақша күрестен жарыстар тек ұлдар арасында өтетін. Қазір барлық жерде қыздар қатысады. Сол уақытпен салыстырғанда самбо да, дзюдо да үлкен деңгейге көтерілді. Бәсекелестік те жоғары. Бұрын біз басқа елдердің спортшыларын үлгі тұтатынбыз. Мысалы, дзюдодан жапон қыздарына қараушы едік. Қазір Қазақстанның қыздары да әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүр. Самбодан Нұрила Асанқызы, Ділдәш Күрішбаева, Ажар Кенбейіл, Ажар Салықова сынды спортшыларымыз бар.
— Әйелдер күресін, әсіресе әйелдер самбосын дамыту үшін Қазақстанда тағы не істеу керек?
Көп жерде әлі де ұл балаларға көбірек көңіл бөлінеді. Бұл бізге қатысты емес - бізде мұндай мәселе жоқ. Бірақ басқа өңірлерде ұлдарды бірінші орынға қойып, оларға көбірек сенім артатынын байқаймын. Менің ойымша, егер қыздарға көбірек сенім білдірілсе, олар да жоғары нәтижеге жете алады. Мысалы, қыз да, ұл да бірдей нәтиже көрсетсе, көңіл әлі де ұлда болады. Жігіттердің жалақысы жоғары, оларды шетелдік турнирлерге жиі апарады. Өз басым ондаймен кездеспедім - бақытымызға орай, самбода ондай жағдай жоқ. Бірақ жалпы күрес спортында мұндай жағдайлар кездеседі. Бұл - қалыптасқан стереотип. Егер қыздарға да ұлдармен бірдей деңгейде көңіл бөлінсе, олардың нәтижелері де жақсарады, әрі бұл басқа қыздарды да спортқа тартады. Осылайша, бәсекелестік те арта түседі.
— Жақында ғана алтын алған Азия чемпионатын еске түсірейік. Бұл сіздің Азия чемпионатындағы екінші алтын жүлдеңіз. Осы жолғы жарыс сіз үшін несімен ерекше болды? Қандай қиындықтар кездесті?
Өткен жылы Азия чемпионатына алғаш рет қатысқан болатынмын. Сол кезде қазіргідей атмосфера мен жауапкершілікті толық сезінбедім. Ал бұл жолы жарысқа Азия чемпионы ретінде келдім. Ішкі жауапкершілік, байыпты көзқарас, дайындық - бәрі басқа деңгейде болды. Аздап қобалжу болды, бірақ оны тез жеңіп, өз-өзіме: «Болды, Мәдина, күрес!» - деп, барымды салдым. Бұл жолғы дайындық әлдеқайда сапалы өтті. Қарсыластарымды алдын ала зерттеп, олардың белдесулерін мұқият қарап шықтым. Жарысты ұйымдастыру деңгейі де жоғары болды.
— Алдағы жоспарларыңыз қандай? Қандай турнирлерге дайындалып жатырсыз?
Азия чемпионатынан кейінгі басты мақсатымыз - әлем чемпионаты. Өткен жылы бұл додада жақсы нәтиже көрсете алмадым, жетінші орынмен шектелдім. Бар болғаны бір ғана белдесу өткіздім. Бұл менің алғашқы әлем чемпионатым болатын. Биылғы әлем чемпионаты Арменияда өтеді. Турнирдің атмосферасы мен қарқынына дайынмын, бұл жолы психологиялық тұрғыдан күйіп қалмайтыныма сенімдімін. Енді техникалық әрі тактикалық жағынан барынша дайындалу қажет. Қарсыластарымыздың, әсіресе ресейлік спортшылардың әдіс-айлаларын жіті зерттеуіміз керек. Себебі олар самбоны олимпиадалық спорт түрі деп қабылдайды және өте мықты. Бірақ мен олар бізден әлдеқайда жоғары дей алмаймын - біз оларды бірнеше рет жеңдік.
— Армандарыңыз қандай? Қандай биіктерді бағындырғыңыз келеді?
Самбодан әлем чемпионы атану және дзюдоға қайта оралып, Олимпиадаға қатысып, алтын алу - бала кезден келе жатқан арманым. Әлем чемпионатында және Олимпиадада жеңіске жету - әрбір спортшының арманы деп ойлаймын. Бұрын мен негізінен дзюдо және қазақша күреспен айналысатынмын, бірақ самбоға қатты қызығып, бұл спортты жүрегіме жақын тартып кеттім. Самбоның олимпиадалық спорт емес екені - өкінішті. Дегенмен, меніңше, самбо мен дзюдоны қатар алып жүруге болады.
